Коронавирус балаларда жеңіл өте ме? Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.egemen.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс / Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на egemen.kz: https://egemen.kz/article/275606-koronavirus-balalarda-dgenhil-ote-me © egemen.kz

Жаһанды жайлаған індет есіктен енген кезде «Ересектермен салыстырғанда балаларда бұл кесел білінбей, жұмсақ өтеді. Кішкентай пациенттердің өкпе суреттерінде пневмонияға тән тану белгілері жоқ болғандықтан, диагностикалау қиын», деген еді Nature Medicine журналы жариялаған зерттеулерде. Одан бері КВИ талай «өнер» шығарып келеді. Отандық дәрігерлер де әлеуметтік желіде «Балалар ауырмайды, ауырса да жеңіл өтеді дедік, бірақ өкпесі 40-50% зақымданған 10-14 жасар балаларды көрдік. Анасынан баласына берілмейді дедік, жаңа туған шақалақ анасынан коронавирус болып туғанды көрдік», деген жазбалар қалдырды.

Осындай жәйттер бізді бірнеше сауалдың төңірегінде ізденуге итермеледі. Ендеше қазір балалар арасындағы эпидемиялық жағдай қандай? Былтыр коронавирус жұқтырған балалардың арасында жаңа ауру шыққаны белгілі. Содан бері Кавасакиге ұқсас дертпен қанша бала ауырды? Биыл ковидтің жаңа штамдары пайда болуына байланысты балаларда оның жаңа түрлері анықталды ма?

– 2021 жылдың басынан бері барлығы 19 329 бала коронавирус инфекциясы диагнозымен тіркелді. Оның ішінде 35 жаңа туған нәресте мен 18 жасқа дейінгі 19 294 бала бар. Биыл сәуір айында Қазақстанда коронавирус инфекциясының үшінші толқыны басталғалы бері балалардың індетке шалдығуы 22,5%-ға төмендегені байқалады. Ковидтің жаңа штамдарына байланысты елімізде мультижүйелік қабыну синдромы (Кавасаки тәрізді синдром) бар 8 бала тіркелді. Балалардағы коронавирус инфекциясының жаңа штамдарын анықтау бойынша зерттеулер жүргізілмеді, – дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева.

Былтыр осы індет белең алған кезде «коронавирустың отаны» Гуанчжоу медициналық университеті мен Макао ғылыми-технологиялық университетінің ғалымдары балаларда коронавирусты диагностикалау үлкендерге қарағанда әлдеқайда қиын деген қорытынды жасаған болатын. Пандемияның жаңа толқындары пайда болып жатқан кезде, бірқатар мемлекеттің дәрігерлері SARS-CoV-2 коронавирусының таралуы толық зерттелмеген Кавасаки синдромымен ауыру балалар арасында әдеттен тыс өршіп бара жатқанын мәлімдеп, осыған мән беруді сұраған еді. Сол сияқты ДДҰ басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус барлық маманнан індет жұқтырған балаларда Кавасаки синдромына ұқсас белгілердің пайда болатынына назар аударуды сұрағаны есімізде. Мәселен, Ресейдегі Орталық эпидемиологиялық ғылыми-зерттеу институтының клиникалық зерттеулер бөлімі коронавирус жұқтырған балалардағы кесел көп жағдайда жеңіл өтетінін, алайда көпшілігінде диарея пайда болатынын хабарлады. Бұл – балалар арасындағы індеттің жиі кездесетін басты белгісі болатын.

Коронавируспен ауырған балалардың жартысынан көбінде бірнеше ай бойы дерт нышандары сақталатынын Италия, Ресей, Ұлыбритания ғалымдары жүргізген зерттеулер де көрсетті. Оларға қарағанда, дерттен жазылып шыққан жасөспірімдерде бірнеше айдан кейін ұйқысыздық, бұлшық еттер мен буындардың ауруы, әлсіздік сынды белгілер қайталанған. Ғалымдар өткен жылдың наурыз айынан қарашаға дейін дерттен емделіп шыққан 129 баланы бақылап, жеткіншектердің 42 пайызында 4 айдан кейін ауру белгілері қайталанғанын байқаған. Әсіресе, балаларда ұйқысыздық, тыныс алу қиындап, мұрынның бітелуі секілді белгілер жиі кездескен екен.

«Жаңа туған нәрестелерге келсек, көбінесе КВИ жұқтырған анасынан жұқтырып жатады. Бұл вирусқа әлі де толық ғылыми зерттеулер жоқ. Алайда практика көрсеткендей, вирус іштегі балаға жұқпайды. Бала іштен сау болып туады. Егер анасында КВИ-ге иммунитет бар болса, баласының 3 айға дейін иммунитеті болады. Себебі антиденелер анасынан беріледі. Егер анасында иммунитет болмаса, баласы да вирус жұқтыруы мүмкін. Тек нәресте шала туған және денсаулығында туа бітті кінәрат болған жағдайда вирус ауыр өтуі мүмкін», дейді Риза Боранбаева.

Қарап отырсақ, бұл індет балаларды есіркейтіндей түсінік қалыптастырып отыр. Бірақ осы аяушылықтың жұмбақ шындығы оны жұқтырған балалардың ауыр науқастану ықтималдығының аз екенін көрсетеді. 90 пайыздан астам педиатриялық жағдайда ауру орташа, жеңіл не еш симптомсыз өтеді. Мұндай жас ағзада болатын шымырлылық мұның алдында желшешек секілді инфекциялық аурулардан байқалған. Десек те, пандемияға айналған SARS-CoV-2 вирусына скринингтен өткендердің көбі – ауру симптомдары байқалғандар. Симптомдары жеңіл, не байқалмағандар әлі де тексерусіз қалып жатқандықтан, жаһандық тестілеу әрекеттері көбейген сайын балаларда тіркелген аурудың ауыр деңгейі өзгеруі әбден мүмкін. Мысалы, 2020 жылы 24 наурызда Лос-Анджелес округінің қоғамдық денсаулық сақтау өкілдері жасөспірімнің өлгенін хабарлады. Бұл АҚШ-тағы балалар арасындағы коронавирусқа байланысты алғашқы қаза болатын. Қалай айтсақ та, SARS-CoV-2-нің неліктен балаларда жеңіл өтетінін түпкілікті анықтау мамандарға аурудың тарауының алдын алудың жаңа жолдарын табуға көмектесе алар еді.

«Вирусқа соққы берудің бірден-бір жолы – оның биологиясын түсіну мен оған ағзамыздың қалай жауап беретінін шын білуден тұрады, – деген болатын Гонконгтағы Қытай университетінің педиатриялық пульмонологы және COVID-19-дың балаларда таралуын зерттейтін жаңа зерттеудің авторы Гари Уинг Кин Вон. – Сол кезде ғана біз оны барлық деңгейде ауыздықтай аламыз».

Осы күндері Алматыда 91 бала қалалық жұқпалы ауруханаларда індеттен емделуде. Балаларға індет үйдегі ересек сырқаттанушылар арқылы беріледі. Бұл жайт эпидемиялық анамнезді жинау барысында расталған. Мысалы, қызыл аймаққа кіріп-шығып жүрген Шымкент қаласында 2021 жылғы 1 қаңтар мен 16 мамыр аралығында оқушылар арасында COVID-19 зертханалық расталған 509 жағдайы тіркелген. Үшінші мегаполисте оқу жылы басталғалы бері 534 бала індетке шалдықса, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық тексерулер жүргізе келе, 157 баланың күндізгі режімде, 377 оқушының қашықта оқып отырып-ақ жұқтырғанын анықтаған.

Наурыз мейрамынан кейін балалар арасында коронавирус жұқтыру дерегі көбейген кезде, Алматыдағы Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева: «Біз эпидемиялық көрсеткіштеріне қарай балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызамыз. Егер отбасының барлық мүшелері ауырып қалса және клиникалық көрсеткіштер болса балаларды да қоса жатқызуға тура келеді. Ауруханаға жатқызылған балалар саны ауруханаға жатқызылғандардың жалпы санынан 30-35%-нан аспайды», деген болатын.

Алматыда балалар арасында коронавирус инфекциясының өсуі наурыз айындағы мерекелерден кейін және сәуірде байқала бастады. Қазір мегаполистегі эпидемиялық ахуал аздап тұрақтала бастады.

Бала сауығып шыққанына қарамастан, педиатр дәрігер учаскелік дәрігерден тексеруден өтуге кеңес береді. Оңалту кезінде үйлестірілген тамақтануды ұстану, тыныс алу жаттығуларын жүргізу, дене шынықтырумен айналысу өте маңызды. А.Уәлиева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып: «Біздің балалар жаппай ауыра бастады, коронавирус инфекциясы балалар арасында эпидемиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Індеттің өршуі ересек халықтың арасында ауырғандардың көбеюімен тікелей байланысты. Ересектер арасында жұқтырып, ауырғандар азайған кезде, бірден балалар арасында да жұқтырудың төмендеуі орын алады. Бүгінде ауруханада ауру ағымы ауыр өтіп жатқан балалар жоқ. Көп жағдайда ауру симптомсыз өтіп жатыр», деген еді.

Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына клиникалық белгілері бар науқас балалар жеңіл және кейбір жағдайларда орташа ауыр формаларда ауруханаға жатқызылады. Алайда олар 10%-дан аспайды. Педиатр дәрігерлер инфекцияның себебі мен негізгі берілу жолы ауа тамшылары арқылы екенін атап өтті.

«Бірақ менің әлі күнге дейін таң қалатыным, неге ата-аналар адамдар көп жүретін жерлерге ірі сауда орындарына балаларын ертіп барады? Кішкентайын қалдыратын жері, қарайтын адамы жоқ жандарды түсінуге тырысасың. Бірақ әке-шешесі қосылып, балалары маскасыз, саябақта жүргендей дүкендерде азық-түлік алып, бірге сайрандап жүргендерді көргенде қатты қынжыласың. Індет жүріп жатыр. Адамдар көп жиналатын жерлерге, атап айтқанда, қоғамдық көліктерге, дүкендерге, дәмханаларға, СОО-ға барған кезде жұқтыру қаупі жоғары екенін есте ұстаған жөн, сондықтан бәрімізге бұрынғыдай белгілі профилактикалық іс-шараларын сақтау және оны балаларымызға да үйрету қажет», дейді А.Уәлиева.