ҚКБЖАА базасында BLS курстары бойынша оқыту басталды

Ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап, Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы (ҚКБЖАА) базасында балаларға шұғыл көмек көрсетуге арналған жаңа симуляциялық орталық аясында BLS (Basic Life Support) курстары бойынша оқыту басталды.

Симуляциялық орталық медициналық кадрлардың біліктілігін арттыруға және балаларға шұғыл көмек көрсету дағдыларын тәжірибе жүзінде пысықтауға бағытталған. BLS курсы кішкентай пациенттердің өмірін сақтап қалуға қажетті негізгі білім мен практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Алғашқы оқу сабағы ҚКБЖАА қабылдау бөлімінің қызметкерлері үшін ұйымдастырылды. Тренингті Германия мен Астана қалаларында мамандандырылған оқытудан өткен, сертификатталған нұсқаушы, жоғары санатты дәрігер-анестезиолог-реаниматолог Кенембаева Әлия Гауазовна өткізуде.

Симуляциялық орталықтың ашылуы — Алматы қаласында педиатриялық шұғыл көмекті дамыту және кішкентай пациенттердің қауіпсіздігін арттыру жолындағы маңызды қадам.