Алматыда балалардағы ішек өтімсіздігі мәселесіне арналған оқыту семинары өтті

2026 жылғы 9 ақпанда Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ШЖҚ «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» КМК базасында «Балалардағы ішек өтімсіздігі» тақырыбында кезекті оқыту семинары ұйымдастырылды. Іс-шара офлайн форматта және ZOOM платформасы арқылы өтті.

Семинарға аурухананың қабылдау бөлімінің дәрігерлері, бөлімше меңгерушілері, сондай-ақ директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ж. Ешібекова қатысты.

Оқыту семинарын ШЖҚ «Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы» КМК-ның шұғыл хирургия қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас маманы, балалар хирургі Мейржан Бекетұлы Құрманалиев жүргізді.

Іс-шара барысында балалар хирургиясында жиі кездесетін және өзекті патологиялардың бірі – ішек өтімсіздігі мәселесі жан-жақты қаралды. Аталған жедел патологиялық жағдай ішек ішіндегі қоректік заттардың қалыпты жылжуының бұзылуымен сипатталады. Мамандар бұл аурудың тез дамитынын, клиникалық белгілерінің әртүрлі болатынын және кеш диагностика жағдайында перитонит, ішек некрозы, сепсис сияқты ауыр асқынуларға әкелу қаупі жоғары екенін атап өтті.

Сондай-ақ жаңа туған нәрестелерде ішек өтімсіздігінің жиі туа біткен даму ақауларына байланысты кездесетініне ерекше назар аударылды.

Семинар қорытындысында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі егжей-тегжейлі жауаптар беріліп, балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстар айтылды.