Халықаралық әйелдер күні — 8 наурыз мерекесі қарсаңында Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында салтанатты іс-шара өтті. Мереке аясында мекеме әкімшілігі ұжымды құттықтап, Алматы қаласы бойынша «AQNIET» денсаулық сақтау қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» ҚБ филиалының өкілдері медициналық ұйымның қызметкер әйелдерін марапаттады.
Іс-шара барысында аурухана директоры Ержан Сералин ұжымға құттықтау сөз айтып, медицина саласында еңбек етіп жүрген әйелдерге кәсібилігі, жанқиярлық еңбегі және таңдаған мамандығына деген адалдығы үшін алғысын білдірді.
«Медицина қызметкерінің кәсібі үлкен жауапкершілікті, төзімділікті және пациенттерге шынайы қамқорлықты талап етеді. Дәрігерлер мен медициналық персоналдың күнделікті еңбегі балалардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған және көбіне тәулік уақытына, демалыс күндеріне қарамастан толыққанды берілуді қажет етеді», — деді Ержан Сералин.
Денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететін әйелдерге ерекше алғыс білдірілді. Олардың кәсібилігі, сабырлылығы мен жанашырлығының арқасында мыңдаған балалар дер кезінде сапалы медициналық көмек ала алады.
Сондай-ақ соңғы жылдары жоғары жүктеме мен күрделі жағдайларға қарамастан, тәулік бойы кішкентай пациенттерге көмек көрсетіп жүрген медицина қызметкерлерінің еңбегі ерекше атап өтілді.
Іс-шара соңында қызметкер әйелдерге Бостандық ауданы әкімінің, «AQNIET» ҚБ Алматы қаласы филиалы төрағасының және аурухана директорының алғыс хаттары мен марапаттары табысталды.
Аурухана басшылығы барлық әйелдерге зор денсаулық, амандық, отбасылық бақыт және кәсіби қызметтерінде жаңа жетістіктер тіледі.