Отандық денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктері

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы отандық денсаулық сақтау саласының қол жеткізген жетістіктерін атап өтіп, оны одан әрі дамытудың негізгі басымдықтарын айқындады.

Президент өз сөзінде 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны салынғанын атап өтті. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясаттың нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша өңірдегі көшбасшы ел болып табылады.

Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелердің барлығы күн сайын азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген мыңдаған медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің жемісі екенін ерекше атап өтті.

Президент медицина қызметкерлерін қолдау мәселесіне де айрықша тоқталып:

«Біз қоғамға қызмет етуді өмірлік мұраты еткен жандар үшін лайықты еңбек жағдайларын жасап жатырмыз, нақты іс-шаралар арқылы педагог пен дәрігер мамандықтарының беделін арттырудамыз», – деді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға базалық медициналық көмектің кепілдендірілген түрде көрсетілетінін атап өтті.

Президент отандық фармацевтика өнеркәсібінің қарқынды дамуына да ерекше назар аударды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша Қазақстан фармацевтика саласына деген сенім деңгейі жөнінен ТМД елдері арасында бірінші орынға шықты.

Еліміздің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты, ал салаға тартылған шетелдік инвестициялар көлемі үш еседен астам өсті. Бұл фармацевтика өнеркәсібінің тұрақты дамып, инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын көрсетеді.