Алматы мен Шанхай балалар денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтады

Алматы қаласы, 2026 жылғы 3 қараша

Бүгін, 2026 жылғы 3 қарашада, Алматы қаласында балалар денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды оқиға — Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ КМК (Қазақстан Республикасы) мен Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Фудань университетінің балалар ауруханасы (Children’s Hospital of Fudan University) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Ынтымақтастық туралы Меморандумға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ КМК директоры Ержан Сералин және Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы Фудань университетінің балалар ауруханасының Партия комитетінің жауапты хатшысы Цянь Ли қол қойды.

Меморандум балалар денсаулығын сақтау саласындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға, кәсіби тәжірибе алмасуға, сондай-ақ балалар арасындағы инфекциялық аурулардың алдын алу, диагностикасы мен емдеу бағыттарындағы озық тәжірибелерді дамытуға бағытталған.

Келісім аясындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

Дәлелді медицина қағидаттарына негізделген заманауи диагностика және емдеу әдістерін енгізуге жәрдемдесу.

Бірлескен ғылыми зерттеулер, халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізу.

Екі елдің қолданыстағы заңнамасына сәйкес телемедициналық консультациялар мен кәсіби білім алмасуды дамыту.

Қытайдың жетекші балалар медициналық ұйымдарының бірімен орнатылған ынтымақтастық медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, заманауи клиникалық тәсілдерді енгізуге және ғылыми-практикалық өзара іс-қимылды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Меморандумға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы денсаулық сақтау саласындағы халықаралық байланысты нығайтудағы маңызды қадам болып, балаларға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға өз үлесін қосады.

Халықаралық әріптестік – білім мен тәжірибені дамытуға, медицина мамандарының кәсіби өсуіне және болашақ ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған маңызды инвестиция.