БҚКЖАА құтыру ауруы мәселелері бойынша дәріс және онлайн-тестілеу өткізді

2026 жылғы 11 қарашада Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тапсырмасын орындау аясында Алматы қаласы ҚДСБ бас штаттан тыс балалар инфекционисті, PhD Шин А.Л. балалар инфекционистеріне арналған «Құтыру: эпидемиологиясы, клиникалық көріністері, ерте диагностикасы және профилактикасы» тақырыбында онлайн-дәріс өткізді.

Дәріс барысында құтыру ауруының эпидемиологиясы, клиникалық ағымының ерекшеліктері, ерте диагностикалау тәсілдері, сондай-ақ аурудың арнайы және арнайы емес профилактикасының өзекті мәселелері қарастырылды.

Дәріс аяқталғаннан кейін 10 клиникалық жағдаяттық тапсырмадан тұратын онлайн-тестілеу ұйымдастырылды. Тестілеу сұрақтары құтыру ауруын диагностикалау, ықтимал жұқтырған жануарлармен жанасу санаттарын бағалау, құтыруға қарсы вакцинация жүргізуге және антирабиялық иммуноглобулин енгізуге көрсетілімдерді анықтау, сондай-ақ ерекше клиникалық жағдайларда профилактикалық іс-шараларды жүргізу тактикасын қамтыды.

Аталған білім беру іс-шарасы мен тестілеуді өткізудің мақсаты – дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, құтыру ауруын жұқтыру қаупін бағалау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіру және қажетті профилактикалық шараларды уақтылы тағайындауды қамтамасыз ету.

БҚКЖАА балалардың инфекциялық аурулары саласындағы медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина мамандарының кәсіби даярлығын жетілдіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.