Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласында балалардағы тұмау, ЖРВИ және құтыру ауруларының алдын алу, диагностикалау және емдеу мәселелері бойынша қалалық ғылыми-практикалық конференция өтті

2026 жылғы 18 қарашада Алматы қаласында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында «Дәрігерлердің инфекциялық қырағылығы: балалардағы тұмау, ЖРВИ және құтыру ауруларының алдын алу, диагностикалау және емдеудің өзекті мәселелері» тақырыбында қалалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – 16 желтоқсанда атап өтілетін Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылды. Осы орайда медицина қызметкерлерінің халық денсаулығын сақтау, қоғамдық әл-ауқатты нығайту және еліміздің дені сау болашағын қалыптастыру жолындағы еңбегіне ерекше мән берілді.

Конференцияны ұйымдастырушылар: Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасы және Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы.

Іс-шараның негізгі мақсаты – медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, балалардағы инфекциялық ауруларды ерте анықтау, уақтылы диагностикалау, тиімді емдеу және ықтимал асқынулардың алдын алу тәсілдерін жетілдіру, сондай-ақ дәрігерлердің инфекциялық қырағылығын күшейту.

Конференцияға ДГКИБ дәрігер-инфекционистері, «Апорт» және «Саялы» филиалдарының мамандары, Алматы қаласы емханаларының инфекциялық аурулар кабинеттерінің дәрігерлері, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының мамандары, педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, резиденттер мен интерндер қатысты.

Конференция модераторы – Қатарбаев Адыл Каирбекұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Алматы қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы директорының орынбасары Ешибекова Жумагүл Рахимбердиевна арнап, балаларға медициналық көмек көрсету сапасын арттыруда салааралық өзара іс-қимылдың, кәсіби тәжірибе алмасудың және мамандардың біліктілігін үздіксіз жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.

Ғылыми бағдарлама аясында төмендегідей өзекті тақырыптар қарастырылды:

«Балалардағы құтыру: клиникалық-эпидемиологиялық қырағылық, диагностика, науқасты жүргізу тактикасы және профилактика» – Қатарбаев Адыл Каирбекұлы;

«Эпидемиялық маусымдағы балалар тұмауы: ерте диагностика, тиімді емдеу және асқынулардың алдын алу» – Қатарбаев Адыл Каирбекұлы;

«Эпидемиялық маусымдағы балалардағы ЖРВИ: ерте диагностика, тиімді емдеу және асқынулардың алдын алу» – Умешева Кумускул Абдуллаевна, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ балалар жұқпалы аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры.

Конференция барысында инфекциялық аурулардың клиникалық белгілерін ерте тану, асқыну қаупін бағалау, тиімді емдеу тактикасын таңдау, сондай-ақ құтыруға күдік туындаған жағдайда медицина қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмдері мен аурудан кейінгі шұғыл профилактиканы уақтылы жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Конференция қорытындысы бойынша кәсіби пікірталас пен тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Қатысушылар пациенттерді медициналық ұйымдар арасында бағыттау, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен мамандандырылған инфекциялық қызмет арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру мәселелерін талқылады.

Осындай ғылыми-практикалық іс-шараларды өткізу медицина қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін нығайтуға, инфекциялық аурулардың алдын алу мен емдеудің бірыңғай тәсілдерін дамытуға және Алматы қаласының балалар халқына көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Ел Тәуелсіздігі – жасампаздыққа, отандық медицинаны дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге және болашақ ұрпақтың денсаулығын қорғауға берілген мүмкіндік. Әрбір баланың өмірі мен денсаулығын сақтау – медицина қауымдастығының тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына қосқан маңызды үлесі.

Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи клиникалық тәсілдерді енгізу және мамандандырылған инфекциялық қызмет пен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын!