«А, Құдай, ақ халаттылар мен қызыл жағалылардың қолына түсіре көрме»

Жолдасым ылғи да: «А, Құдай, ақ халаттылар мен қызыл жағалылардың қолына түсіре көрме» деуші еді. Осы сөздің әсері ме, әйтеуір ерекше құрмет тұтсам да, дәрігердерден сырт жүруге тырысушы едім.

Бірақ осы кеше ғана балам ауырып, жедел жәрдем арқылы ауруханаға түстік. Осы жылдың жаз айларындағы аурухана жағдайы санамда жатталып қалғандықтан болар, ойымнан күдік арылмай, әрең келдім. Алайда мұндағы жағдайды көріп, жаным жай тауып, беки түстім. Аурухана іші тап-таза, бұрынғыдай кезек жоқ. Келген науқастардың барлығын тез арада қарап, тиісті талдауларын алып, қорытындысын шығарып беріп жатыр.

Бізді де көп кідірткен жоқ. Баламның тез арада диагнозын қойып, бөлек боксқа жатқызды. Ерекше қуантқан жайт, дәрігерлердің барлығы өз ісінің маманы екенін көрсетіп, жылдам қарап, медбикелерге нұсқау түсіріп, айтқанының жылдам орындалуын да назардан тыс қалдырып жатқан жоқ.

Осы арада өзім айрықша риза болған Айнур Уалиева, Палтиева Гюзеля, Фариза Анварбекова сияқты дәрігерлерге және Алматы қаласының балалар инфекциялық ауруханасының барлық қызметкеріне, жедел жәрдем қызметкерлеріне зор ризашылығымды білдіргім келеді! Еңбектеріңіз елене берсін Абзал жандар!