Денсаулық сақтау құрылымында балалар инфекциялық қызметі ерекше орын алады. Дәл осы жерде қоғамға онша көрінбейтін, бірақ аса маңызды – балалардың денсаулығын сақтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Инфекциялық аурулардың аяқ астынан басталып, асқынуы тез болатыны белгілі, сондықтан жоғары біліктілікті, жедел әрекет етуді және мінсіз командалық жұмысты талап етеді.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты ШЖҚ «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» (бұдан әрі – БҚКЖАА) – 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға инфекциялық аурулар бойынша тәулік бойы мамандандырылған диагностикалық және емдік көмек көрсететін мекеме. Көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында шұғыл түрде көрсетіледі. Бұл – балалардың ауруының ерекшеліктері ескерілетін, асқыну қаупін төмендететін орталық.
Ауруханамыздың өзіндік тарихы мен қалыптасқан дәстүрлері бар. Сонымен қатар, ол – студенттер мен жас мамандар үшін клиникалық база ретінде білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін атқаратын орталық. Қиын клиникалық жағдайларда ҚазҰМУ-дың балалар инфекциялық аурулар кафедрасының профессор-оқытушылары консультация жүргізеді.
Балалар инфекциялық қызметінің жетістігі – дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегінің нәтижесі. Инфекционист-дәрігерлер ауруды дәл анықтап, дұрыс терапияны таңдайды. Анестезиолог-реаниматологтар аса жауапты жағдайда шешім қабылдайды. Мейірбикелер тәулік бойы науқастарды күтіп-баптап, дәрігер тағайындамаларын орындайды, балалар мен ата-аналарына психологиялық қолдау көрсетеді. Бұл қызмет тек білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар адалдықты, жанашырлықты және төзімділікті талап етеді.
Қазіргі қоғамда дәрігер бейнесінің, әсіресе жастар арасында, оң қабылдануы ерекше маңызды. Медицина мамандығы – ең мәртебелі әрі жауапты кәсіптердің бірі. Дәрігерлердің қоғамдағы абыройын көтеру – жаңа буын мамандардың медицинаға келуіне жол ашады. Кәсіп беделін арттыру – қызметтегі дәрігерлердің еңбегін мойындау ғана емес, денсаулық сақтаудың болашағына салынған маңызды инвестиция.
Балалар инфекциялық ауруханасы мен оның реанимациялық бөлімдері – ұлт денсаулығының негізі. Мұнда кәсіби біліктілік пен адамгершілікті үйлестіре білген мамандар еңбек етеді. Медицина қызметкерлерінің еңбегін тану, олардың жұмысына құрметпен қарау және дәрігер беделін көтеру – денсаулық сақтау жүйесінің дамуы мен болашақ ұрпақтың саулығын қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі.