Дамумед жүйесінің жұмысы

Алматы қаласындағы Балалар жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасында «ДамуМед» жүйесінің жұмысы талқыланды

Ағымдағы жылдың 13 ақпанында ШЖҚ «Балалар жұқпалы аурулар клиникалық ауруханасы» КМК базасында «ДАМУ» Ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС өкілдерімен жұмыс кеңесі өтті.

Кездесуге компания өкілдері Нұрсұлтан Ерланов пен Алтынай Қалиева қатысты. Кеңес барысында «ДамуМед» медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу кезінде туындайтын бірқатар проблемалық мәселелер талқыланып, оның жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді.

Аурухана директоры Е. Сералин анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс білдіріп, медициналық қызметкерлердің үздіксіз әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешудің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында реанимация бөлімшесі, статистика кабинеті, бухгалтерия қызметкерлері және бас мейірбике өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жүйемен жұмыс барысында кездесетін қиындықтарды жеткізді.

Өз кезегінде «ДАМУ» Ақпараттық технологиялар орталығы» ЖШС өкілдері көтерілген мәселелерді оңтайландыру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын және «ДамуМед» бағдарламасын жетілдіру бойынша ұсыныстар қарастырылатынын атап өтті. Сондай-ақ айтылған мәселелер мен ұсыныстарды зерделеп, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медициналық қызмет сапасын және цифрлық үдерістерді жақсарту мақсатында өзара ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.