БҚКЖАА мамандары Қытайдағы тағылымдаманың нәтижелерімен ұжыммен бөлісті

2026 жылғы 8–19 маусым аралығында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты ШЖҚ КМК «Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының» мамандары Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы жетекші педиатриялық медициналық орталықтардың бірі – Children’s Hospital of Fudan University базасында екі апталық кәсіби тағылымдамадан өтті.

Тағылымдамаға аурухананың алты маманы қатысты: үш анестезиолог-реаниматолог дәрігер, екі инфекционист дәрігер және Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің өкілі.

Елге оралғаннан кейін тағылымдамаға қатысушылар аурухана ұжымымен кездесіп, оқыту қорытындыларын таныстырып, алған тәжірибелерімен бөлісті. Кездесу барысында мамандар балалардағы жұқпалы ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, инфекциялық қызметтің, қабылдау бөлімінің, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелерінің жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үздік тәжірибелері туралы баяндады.

Ерекше назар жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін метагеномдық секвенирлеуді қоса алғанда, молекулалық-генетикалық диагностиканың инновациялық әдістеріне аударылды. Сонымен қатар сирек кездесетін инфекцияларды емдеу, антибиотиктерге төзімділіктің алдын алу және инфекциялық бақылауды ұйымдастырудың заманауи тәсілдері қарастырылды.

Тағылымдама барысында БҚКЖАА мамандары симуляциялық орталықтың жұмысымен, медициналық кадрларды даярлау жүйесімен, пациенттердің құқықтарын қорғау қызметінің қызметімен, сондай-ақ медицина қызметкерлері арасындағы пәнаралық өзара іс-қимылдың тиімді үлгілерімен танысты. Реанимация бөлімшелеріндегі заманауи респираторлық қолдау технологиялары, бүйрек алмастыру терапиясы және экстракорпоральды мембраналық оксигенация (ЭКМО) әдістерінің қолданылуы ерекше қызығушылық тудырды.

Кездесу барысында тағылымдамаға қатысушылар мен аурухана қызметкерлері арасында кәсіби тәжірибе алмасу өтті. Мамандар алынған білімді күнделікті тәжірибеге енгізу мүмкіндіктерін, инфекциялық қызметті одан әрі дамыту және балаларға реанимациялық көмекті жетілдіру бағыттарын талқылады.

Тағылымдама қорытындысы бойынша мамандар Алматы қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы бірқатар бағыттар бойынша материалдық-техникалық жарақтандыру мен емдеу-диагностикалық үдерістердің ұйымдастырылуы халықаралық заманауи талаптарға сәйкес келетінін атап өтті. Сонымен қатар алынған тәжірибе зертханалық диагностиканың заманауи әдістерін кеңінен енгізу, медицина қызметкерлерінің үздіксіз білім беру жүйесін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту секілді жаңа даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Бағдарлама аясында Қазақстан мен Қытай мамандары арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылды. Қазақстандық тарап нейроинфекцияларды емдеу, плазмаалмасу, иммуноглобулиндік терапия және ауыр жағдайдағы науқастарға экстракорпоральды детоксикация әдістерін қолдану саласындағы жетістіктерін таныстырды.

Тағылымдама нәтижесінде екі елдің медициналық ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді.

Қытайлық әріптестер бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруға, халықаралық конференцияларға қатысуға және клиникалық тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты.

Аурухана басшылығы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, алынған білім мен кәсіби байланыстар балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын одан әрі арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және мамандардың кәсіби деңгейін көтеруге ықпал ететінін жеткізді.