Алматы қ. ҚДСБ ШЖҚ «Балалар қалалық Алматыда ДГКИБ базасында балалардағы бүйрек алмастыру терапиясының заманауи әдістері бойынша практикалық шеберлік сабағы өтті
Алматы, 2026 жылғы 24 қыркүйек
2026 жылғы 24 қыркүйекте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының «Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ КМК базасында «Педиатриядағы бүйрек алмастыру терапиясының ұзартылған әдістері. Бүйрек алмастыру терапиясының экстракорпоралдық емшараларын антикоагуляциялау» тақырыбында практикалық шеберлік сабағы өтті.
Іс-шараны «Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы» ШЖҚ КМК, «Анестезиологтар және реаниматологтар федерациясы» РҚБ және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Шеберлік сабағының негізгі мақсаты – медицина мамандарының балаларға экстракорпоралдық гемокоррекция, бүйрек алмастыру терапиясының ұзартылған әдістері және экстракорпоралдық емшаралар кезінде антикоагуляция жүргізу бағыттарындағы кәсіби құзыреттерін арттыру.
Іс-шараға арнайы шақырылған сарапшы ретінде Александр Львович Музуров қатысты. Ол – Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау департаментінің «Әулие Владимир атындағы балалар қалалық клиникалық ауруханасы» мемлекеттік бюджеттегі денсаулық сақтау мекемесінің Қанның гравитациялық хирургиясы және гемодиализ орталығының меңгерушісі, Ресей Денсаулық сақтау министрлігінің «Ресей медициналық үздіксіз кәсіптік білім беру академиясы» ФМББМ ДБ анестезиология, реаниматология және балалар токсикологиясы кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты.
Шеберлік сабағы барысында қатысушылар балаларға бүйрек алмастыру терапиясын жүргізудің заманауи тәсілдерін, экстракорпоралдық емшараларды антикоагуляциялау мәселелерін, сондай-ақ терапиялық плазмаалмасуды жүргізудің практикалық ерекшеліктерін талқылады.
Іс-шараның басты ерекшелігі практикалық бөлімнің кең қамтылуы болды. Мамандар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, экстракорпоралдық контурды құрастыру және бағдарламалау тәсілдерін, аймақтық цитраттық антикоагуляция мен жүйелік гепаринизацияны, дәрілік заттардың дозаларын есептеуді және емшара барысында кездесетін типтік қателерді талдауды практикалық тұрғыда пысықтады.
Жеке практикалық блок балаларға терапиялық плазмаалмасу жүргізу, сондай-ақ емшара кезінде ықтимал асқынулардың алдын алу және оларды уақтылы анықтау мәселелеріне арналды.
Шеберлік сабағының практикалық бөлімін Мухиддин Надирович Якупов – ДГКИБ дәрігер-анестезиолог-реаниматологы, экстракорпоралдық гемокоррекция және педиатриядағы бүйрек алмастыру терапиясының ұзартылған әдістері бойынша маман үйлестірді.
Іс-шараның маңызды бөлігі Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген мамандар арасында кәсіби тәжірибе алмасу, сондай-ақ балаларға қарқынды терапия жүргізудің жоғары технологиялық әдістерін қолдануға байланысты күрделі клиникалық мәселелерді талқылау болды.
Шеберлік сабағы 10:00-ден 18:00-ге дейін өтіп, дәрістік, пікірталастық және практикалық бөлімдерді қамтыды. Іс-шара соңында қатысушыларға оқу сағаттары көрсетілген бейресми білім беру сертификаттары табысталды. Оқу сағаттары Қазақстан Республикасында мамандардың үздіксіз кәсіптік дамуы нәтижелерін растау және сертификаттаудан өту кезінде есептік бірліктерге конвертацияланады.
Практикалық шеберлік сабағына 30 маман қатысуға жоспарланған болатын. Қатысушылар саны белгіленген орындармен шектеліп, тіркеу жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды. Бұл медицина қауымдастығының педиатриядағы бүйрек алмастыру терапиясының заманауи әдістеріне деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Қатысушылардың географиясы Қазақстанның бірнеше өңірін қамтыды: Алматы қаласы мен Алматы облысы, Талдықорған, Шымкент, Семей, Қарағанды, Қызылорда және Ақтау қалаларынан мамандар қатысты.
Осындай практикалық бағыттағы білім беру іс-шараларын өткізу мамандардың кәсіби өзара іс-қимылын нығайтуға, заманауи клиникалық тәсілдерді тәжірибеге енгізуге және балаларға экстракорпоралдық терапия әдістерін қолдану бойынша практикалық дағдыларды жетілдіруге мүмкіндік береді.