Алматы қ. ҚДСБ ШЖҚ «Балалар қалалық Алматы, 2026 жылғы 30 қыркүйек. — Алматы қаласының балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының «Саялы» филиалында Госпитальдық фармация бөлімі салтанатты түрде ашылды.
Жаңа құрылымдық бөлімшенің негізгі мақсаты — балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ дәрілік терапияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2024–2026 жылдарға арналған клиникалық фармакология бойынша медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асырылды.
Жаңа бөлімшенің негізгі жұмыс бағыттарына: дәрілік заттарды ұтымды пайдалану; фармакотерапияның тиімділігі мен қауіпсіздігін мониторингілеу; дәрілік заттарды қолдануға байланысты жағымсыз реакциялардың алдын алу; стационар жағдайында дәрілік қамтамасыз етудің заманауи халықаралық тәсілдерін енгізу жатады.
Аурухана директоры Е. Сералин жаңа бөлімшенің ашылуы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бүгін ауруханамыз үшін айтулы күн — “Саялы” филиалында Госпитальдық фармация бөлімін ашып отырмыз. Бұл — бүкіл ұжым үшін, ең алдымен, кішкентай пациенттеріміз үшін маңызды оқиға. Жаңа бөлімшенің құрылуы заманауи медициналық көмекті дамыту, фармакотерапияны жетілдіру және әрбір дәрі тағайындаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы кезекті маңызды қадам болып табылады», — деді Е. Сералин.
Жаңа бөлімшенің меңгерушісі болып клиникалық фармаколог, клиникалық фармакология бөлімінің меңгерушісі Мұхитова Динара Төрегелдіқызы тағайындалды.
Госпитальдық фармация бөлімінің қызметі дәрілік терапияға қатысатын дәрігерлер, клиникалық фармакологтар, орта медицина қызметкерлері және басқа да бейінді мамандардың өзара тығыз ынтымақтастығына негізделеді.
Бұл тәсіл дәрілік заттарды тағайындаудың негізділігін бағалауға, емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылауға, сондай-ақ ықтимал жағымсыз реакциялардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы Алматы қаласындағы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға және педиатриядағы заманауи клиникалық фармакологияны одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Қауіпсіз әрі ұтымды фармакотерапия — балаларға көрсетілетін сапалы медициналық көмектің маңызды құрамдас бөлігі.
Анықтама үшін
Алматы қаласының балалар клиникалық инфекциялық ауруханасы инфекциялық аурулары бар балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Госпитальдық фармация бөлімінің ашылуы стационар жағдайында дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігін одан әрі жетілдіруге бағытталған.