Бұл туралы Алматы Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының директоры Ержан Сералин Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде мәлім етті, деп хабарлайды Аlmaty.tv
2025 жылдың сегіз айында Алматы Қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасына 102 835 бала жүгінген, олардың 29 317-сі ауруханаға жатқызылған. Госпитализацияланған әр үшінші науқас – бір жасқа дейінгі бала (8 453).
Ержан Сералиннің айтуынша, балалардың тек 28%-ы ғана шынымен ауруханаға жатқызуды қажет еткен, қалғанына көмек емханалық деңгейде көрсетілуі мүмкін еді. Жағдайдың жартысынан астамы ата-ананың амбулаториялық буынды айналып өтіп, баласын тікелей стационарға алып келуінен туындап отыр.
— Ата-аналар көбіне емханадағы кезектен қашып, ауруханада тез тексереді деп ойлайды, – деді Ержан Сералин.
Талдау көрсеткендей, барлық жүгінудің 64%-ы тыныс алу ағзаларының ауруына байланысты болды. Олардың саны өткен жылмен салыстырғанда 15% артқан. Әр бесінші жағдайда пневмония анықталса, әр оныншы балада бронхит тіркелген. Энтеровирустық инфекциялар 11%-ды, жедел ішек инфекциялары 4,5%-ды құрады. Сонымен бірге бірқатар аурудың төмендеуі байқалады: менингит – 14%, қызылша – 90%, көкжөтел – сегіз есе азайды.
Жалпы жүгінушілер саны 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3% өсті, ал басқа өңірден келген науқастар үлесі 16,8% артты.
Көрсетілетін көмектің сапасын арттыру үшін төсек-орын қоры 743-тен 777 орынға дейін көбейтіліп, жабдықталу деңгейі 97,9% жетті. Палаталарда оттегі нүктелері мен персоналды шақыру түймелері орнатылды, медициналық газды беру жүйесі жаңғыртылды, заманауи КТ, УДЗ және ӨЖЖ аппараттары сатып алынды.
Ерекше назар вакциналауға аударылды. Алматы қаласы ҚДСБ эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Бакжанар Мұхамадиева халықты екпемен қамтуды арттыру және барлық түрі бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізу қажет екенін атап өтті.
Бас штаттан тыс инфекционист Айгүл Абдрахманова өз баяндамасында медициналық ұйымдардың түрлі бейіндегі мамандарды – ЛОР-дәрігерлер, жалпы тәжірибе дәрігерлер, хирургтарды – ықтимал індеттік сипаты бар инфекцияларды (дифтерия, менингококк инфекциясы) диагностикалауға үнемі оқытып отыруы қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ жеке клиникаларға ерекше назар аудару керек: онда шұғыл хабарламаларды жолдау мен пациенттерді динамикалық бақылауды жолға қою маңызды.
Медициналық кадрларды даярлау мәселесін Жоғары медициналық колледж директоры Жұмахан Молдақұлов ұсынды. Колледж 8 мамандық және 10 біліктілік бойынша бағдарламаны жүзеге асырады, халықаралық аккредитациядан өткен және заманауи симуляциялық орталықпен жабдықталған.
Кеңес қорытындысы бойынша Марат Пашимов материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту үшін қажетті симуляциялық жабдықтың тізімін дайындауды тапсырды.
Алматы қаласы ҚДСБ басшысының орынбасары Лайла Имангалиева стационарлардың қабылдау бөлімінде триаж-жүйесінің жұмысын мониторингтеу нәтижесін баяндады. Жүйе енгізілгенімен, әлі де жетілдіруді қажет ететіні белгілі болды. Негізгі мәселе – пациенттер ағынын бөлудің болмауы және персонал даярлығының жеткіліксіздігі. Дегенмен оң нәтиже де бар: шұғыл жағдайда көмек көрсету уақыты қысқарды, емдеудің сапасы мен қауіпсіздігі артты, жанжалдық жағдайлар азайды.
Жиын соңында Марат Пашимов анықталған мәселелерді бір ай ішінде шешуді тапсырды. Ол қабылдау бөлімінің ең көп шағым түсетін аймақ екенін ерекше атап өтті.
Қорытындылай келе, ҚДСБ басшысы Алматы тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын арттырудың басты жолы денсаулық сақтау жүйесін үздіксіз жетілдіру деп баса айтты.
Оқи отырыңыз: Алматы зообағында амур жолбарысының күшіктері дүниеге келді